23.02

img



№25/26 «Шымкент-Алматы» пойызының жолаушылары ерекше музыкалық сәттің куәсі болды. Пойыз жолсерігі домбыраны қолға алып, «Қарақат» студиясының тәрбиеленушілерімен бірге аңызға айналған «Адай» күйін орындады.

Музыкалық өнерге жақын жас жолаушылардың қатарында «Қарақат» студиясының талантты шәкірттері болды. Олар Алматыда өтетін беделді «JorgaFest» байқауына қатысуға жол тартқан еді. Бұл фестиваль еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үздік орындаушыларды біріктіретін маңызды шара.

Жолсерік бала кезінен домбырамен күй шертіп, бұл өнерді өз әулетіндегі үлкендерден үйренген. Домбыра – оның жанына жақын, ата-бабадан мирас болған қастерлі мұра. Ұлттық өнерге қызығушылық танытқан жас жолаушылардың күй орындау шеберлігін көріп, музыка дәстүрінің жалғасып жатқанына ол ерекше қуанғанын жеткізді.

Теміржол – тек жолаушыларды белгілі бір нүктеге жеткізетін көлік ғана емес, сонымен қатар танысып, демалып, еркін әңгіме құруға мүмкіндік беретін ерекше орта.